Гепатиттің алдын алу – өз денсаулығыңызды қорғаудың маңызды жолы - Амбулаторный центр г. Усть-Каменогорск

Адам денсаулығы – өмірдегі ең үлкен байлық. Денсаулықтың қадірін көбіне сырқаттанған кезде ғана түсінетініміз жасырын емес. Ал көптеген аурулардың алдын алуға болатынын ескерсек, әрқайсымыз өз ағзамызға жауапкершілікпен қарауымыз қажет

Соның ішінде бауыр саулығына ерекше көңіл бөлудің маңызы зор. Себебі бауыр – ағзаның негізгі «сүзгісі». Ол қан құрамындағы зиянды заттарды залалсыздандырып, зат алмасу үдерісіне қатысады, ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді және көптеген маңызды қызметтерді атқарады. Сондықтан бауырдың кез келген ауруы адамның жалпы денсаулығына кері әсер етеді.

Соңғы жылдары вирусты гепатит туралы ақпарат көбейгенімен, бұл аурудың қалай жұғатынын, оның қандай қауіп төндіретінін және алдын алу жолдарын толық білмейтін азаматтар әлі де аз емес. Өкінішке қарай, кейбір адамдар гепатитті тек сарғаюмен байланыстырады. Шын мәнінде, ауру көп жағдайда ешқандай белгісіз өтуі мүмкін.

Гепатит – бауырдың қабынуы. Оның бірнеше түрі бар, алайда ең жиі кездесетіндері – А, В және С вирусты гепатиттері. Әрқайсысының жұғу жолы мен ағымы әртүрлі болғанымен, барлығы бауырды зақымдайды.

А гепатиті көбіне тұрмыстық жолмен таралады. Ластанған су, жуылмаған жеміс-жидек пен көкөніс, сондай-ақ жеке бас гигиенасының сақталмауы инфекцияның жұғуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл ауруды халық арасында «лас қол ауруы» деп те атайды. Балалар арасында жиірек кездескенімен, ересектер де бұл инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Көп жағдайда науқас толық жазылып шығады, бірақ ауру кезінде дәрігердің бақылауы мен дұрыс емнің маңызы зор.

Ал В және С гепатиттері қан және басқа биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Олар стерильденбеген медициналық немесе косметологиялық құралдарды қолданғанда, татуировка мен пирсинг жасатқанда, ортақ ұстара немесе маникюр құралдарын пайдаланғанда берілуі мүмкін. Сонымен қатар В гепатиті қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде және анадан балаға босану барысында жұғуы ықтимал.

Бұл инфекциялардың қауіптілігі – олардың ұзақ уақыт бойы жасырын түрде дамуы. Кейбір адамдар өзін мүлдем сау сезінеді, күнделікті тіршілігін жалғастыра береді. Алайда осы уақыт ішінде вирус бауыр жасушаларын біртіндеп зақымдап, кейін ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан өз денсаулығына бейжай қарамай, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұрған жөн.

Гепатиттің алғашқы белгілері басқа көптеген ауруларға ұқсас болуы мүмкін. Әлсіздік, тез шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі, жүрек айнуы, оң жақ қабырға астындағы жайсыздық немесе ауырсыну байқалады. Кейбір науқастарда дене қызуы көтеріліп, буындар сырқырайды. Ауру асқынған жағдайда тері мен көздің ағы сарғайып, несептің түсі қоюланып, нәжістің түсі ашық түске өзгереді. Мұндай белгілер пайда болса, өзін-өзі емдеумен айналыспай, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Қазіргі медицинада вирусты гепатитті ерте анықтауға мүмкіндік беретін зертханалық зерттеулер жеткілікті. Қарапайым қан талдауы арқылы инфекцияны анықтап, дер кезінде емді бастауға болады. Ерте қойылған диагноз ауыр асқынулардың алдын алып, емнің нәтижелілігін едәуір арттырады.

Өз тәжірибемде профилактикалық тексеру кезінде кездейсоқ анықталатын гепатит жағдайларын жиі көремін. Науқастардың басым бөлігі ешқандай шағымының болмағанын айтады. Дәл осы жағдайлар аурудың жасырын ағымының қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Сондықтан адам өзін жақсы сезінсе де, мерзімді медициналық тексерулерден өтіп тұруы қажет.

Гепатиттің алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті. Ең алдымен жеке бас гигиенасына мән берген жөн. Қолды сабындап жиі жуу, тек сапалы ауыз су пайдалану, жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуу – А гепатитінен қорғанудың ең тиімді жолдарының бірі.

Ал В және С гепатиттерінің алдын алу үшін медициналық және косметологиялық қызметтерді тек санитариялық талаптарды сақтайтын мекемелерден алған дұрыс. Маникюр, педикюр, татуировка немесе пирсинг жасататын орындарды таңдағанда құралдардың толық зарарсыздандырылуына назар аудару қажет. Сонымен бірге жеке ұстараны, тіс щеткасын және маникюр құралдарын ешкіммен ортақ пайдаланбаған жөн.

В гепатитіне қарсы вакцина – аурудан қорғанудың ең сенімді тәсілі. Елімізде бұл екпе Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген және балаларға тегін жүргізіледі. Вакцина көптеген адамның денсаулығын сақтауға мүмкіндік беріп келеді. Ал С гепатитіне қарсы вакцина әзірге жоқ. Сондықтан бұл инфекциядан сақтанудың негізгі жолы – қауіпсіздік шараларын сақтау және уақытылы тексерілу.

Бүгінде вирусты гепатитті емдеудің тиімді әдістері бар. Дегенмен кез келген ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда дұрыс әрі тиімді. Ол үшін дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, алкогольді шектен тыс пайдаланбау, дәрі-дәрмекті дәрігердің кеңесінсіз қабылдамау және профилактикалық медициналық тексерулерден тұрақты өтіп тұру қажет.

Денсаулық – әр адамның өз қолындағы құндылық. Өзімізге және жақындарымызға жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын сақтасақ, вирусты гепатиттің таралуын азайтуға болады. Ауруды ерте анықтау, вакцинациядан уақытылы өту және дәрігердің ұсынымдарын орындау – бауыр саулығын сақтаудың ең тиімді жолы. Деніңіз сау болса, өміріңіздің де сапасы жоғары болады. Сондықтан денсаулыққа бүгін көңіл бөлу – ертеңгі жарқын өмірдің кепілі.

 

Аяулым Манатовна Нурнагимова

«Амбулаторлық орталық» мекемесінің жалпы тәжірибелік дәрігері

Часы работы
Будни:
7:00 – 18:00
Суббота:
8:00 – 13:00
Воскресенье:
Закрыто

Номер государственной лицензии на осуществление медицинской деятельности 000303.Дата выдачи 27.06.2000 год.